naz

Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК- ны  ҚР Тәуелсіздік күніне  және Елордасының Астанаға көшуіне 20 жыл толуына арнап «Тәуелсіздік тірегі-Астана!» атты мерекелік концерт қойды. Концерт театрдың өз сахнасында, нақтырақ айтсақ, «Көктал» шағын ауданында орналасқан ғимаратында өтті. Мерекелік қойылымды Көктал шағын ауданының тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары көтеріңкі көңіл-күй, ерекше шабытпен қарсы алды.

Концерт шымылдығы «Самғау» биімен ашылды. Одан кейін сахна төріне қазақ жігітін сан қырынан көрсететін, рухты көтеретін  «Тау ұлы»  биі (қытайдан келген жас хореограф Есбол Долдыкен) көтерілді. Өте эмоциональды, мағанасы терең бидің кей тұстарында оқушылар өз сезімін жасыра алмады. Бимен бірге тыныстап, бір сәт болса да батыр бабаларын елестеткендей. А. Ордабаев, Айжан Төре, Б. Изенаева, З. Иманғазиева сынды театр әншілері ұлттық, елдік тұрғыдағы  намыс пен қайратты оятатындай тақырыпқа сай әндер орындадады.

 Ал, балетмейстер С.Дұзбаев қойған «Богатая невеста» сынды орыс  биі мерекенің көрігін қыздырды. Әзіл-қалжыңға құрылған бұл биде театр артистері актерлық шеберліктің тамаша үлгісін көрсетті.

Мерекелік концертте бір шаңырақтың астында берекелі тірлік кешіп жатқан ұлт пен ұлыстардың шынайы достығын «Хорезм», «Хыбайлар» биі арқылы көрсетіліп, бауырмалдықтың белгісін бейнелегендей әсер етті.

Концертті театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Ағымбаева және А.Шамшиев қойған «Ақ жайық» биі тәмәмдады. Жеке орындауда Асхат Маден және Зульфия Маден болды. «Ақ жайық» биі нағыз қазақ би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтаған, ұлттық талғамға сай, кәсіби би өнерінің үлгісіндей ғажайып қойылым.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының көздегеніндей, «Наз» мемлекеттік би театры да халқымыздың саф өнеріне қиянат жасамай, қайта жыл өткен сайын түрлендіріп, мың құбылтып  өскелең ұрпаққа төл өнерімізді заман талабына сай жаңғыртып келеді.