naz

Кеше қала әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры елордамыздың Сарыарқа төсіне қоныс аударғанына 20 толуына арнап «Тәуелсіздік тірегі – Астана» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Аталған театр – бас қаланың мәдени өмірінің қалыптасуына елеулі үлес қосып жүрген іргелі ұжым. Өнер ордасының аты елімізге ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Оның дәлелі, биылғы қазан айында Грозный қаласында өткен М.Эсамбаев атындағы IX Халықаралық фестивальге қатысып, жүлделі оралып, бас шаһардың ғана емес, Қазақ елінің атын әйгіледі.
Сөз арасында айта кетейік, «Наз» театрында қазақ би өнерінің бабадан қалған үлгілерін жаңаша түрлентіп, оны бүгінгі уақытпен сәтті үйлестіре білген талантты жастар топтасқан. Мерекелік концерт те бишілер тобы талай байқауларда топ жарған «Самғау», «Тау ұлы», «Ақ Жайық» секілді қойылымдарды жұртшылыққа көрсетіп, олардың ризашылығына бөленді. Оның қоюшы режиссері, бас балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаева. Сондай-ақ, шара барысында белгілі эстрада шеберлері де тамылжытып ән шырқап, шараның сәнін кіргізді.
Бір сөзбен айтқанда, арайлы Астанаға арналған әдемі саз бен әсерлі биге толы кеш жиналғандардың көңілінен шықты.

Источник astana-akshamy.kz