Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры МКҚК 2025 жылдың 17 қыркүйегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің аясында «САЛТ-ДӘСТҮРІМ – САФ МҰРАМ» концерттік бағдарламасымен жаңа маусым шымылдығын ашты.
Бұл өнер кешінің басты мақсаты – халқымыздың дүниетанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, наным-сенімін ұлттық би тілі арқылы насихаттау және мәдениетіміздің бай мұрасын кеңінен таныту.
Концертте халқымыздың философиясын бейнелейтін ұлттық билер, әлем халықтарының билері бір-бірімен сабақтаса отырып, үлкен мазмұнды кештің ажарын ашты. Ақ батамен басталып, шашу шашылып, асық ойнап, беташар жасап, келін түсірген қойылымдар халқымыздың бай салт дәстүрін паш етті. Әзіл-қалжыңға толы «Богатая невеста», «Пироги» билері көрерменнің көңілін көтеріп, қуаныш сыйлады. Театр әншілері Бауыржан Нұрымбетовтің «Жеңеше-ай», Айсұлтан Басықараның «Қара жорға» әндері мерекелік көңіл-күй сыйласа, Батима Изенаева орындаған «Дударай» әні қос ғашықтың оқиғасын көз алдымызға әкелді.
«Наз» театрының» шығармашылық ұжымы ұлттық мәдениетіміздің байлығын насихаттап қана қоймай, түрлі халықтардың биі арқылы достық пен ынтымақтың ортақ құндылықтарын паш етуді көздейді. Театр ғимаратының қаладан алыстығына қарамастан шын тілеулес көрермендер залға лық толды. Театрымыздың тұғыры биік, мәртебесі жоғары болсын!