• +7 (7172)-30-02-87
  • naz-halik@mail.ru

«Шабыт» фестивалінің салтанатты ашылуы

«Шабыт» фестивалінің салтанатты ашылуы

2016 жылдың қараша айының 3 күні Бейбітшілік және келісім сарайында XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы өтті. Елордалық Пирамиданың Опера залында алдыңғы фестивальдердің жеңімпаздарының қатысуымен мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылды. Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Концерт шымылдығын «Шабыт-2015» жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Президенті кубогының иегері, «Классикалық музыка, скрипка» Гран-приінің иегері Мақсат Жүсіпов, сондай-ақ «Шабыт-2010» жеңімпазы Айбек Аширматов ашты.

Сонымен қатар, сахна төрінде қазақстандық эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Әли Окапов, Қайрат Баекенов және Формат тобы өнер көрсетті. Бұл артистер де өнердегі жолдарын «Шабыт»фестивалінен бастаған болатын. Бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылы білікті қазылар алқасы 644 жас дарынның өнерін бағалайтын болады.

Биыл «Шабыт» фестивалі алты номинация бойынша өтеді: «Бейнелеу өнері», «Хореография», «Халық музыкасы», «Үздік әдеби шығарма», «Классикалық музыка» және «Эстрадалық вокал».

Үміткерлердің көбі «Бейнелеу өнерінде» бағын сынамақ – бұл номинацияда –192 өтінім, «Хореография» – 154 және «Халық музыкасы» номинациясы бойынша – 134 өтінім, «Үздік әдеби шығарма» – 45 өтініш, «Классикалық музыка» – 77 өтініш, «Эстрадалық вокал» – 42 өтініш қабылданды.

Қазылар алқасының құрамына әлемнің 15 мемлекетінен, соның ішінде АҚШ, Италия, Израиль, Македония, Мексика, Армения, Қытай, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Украина, Грузия, Монғолия елдерінен беделді сыншы-өнертанушылар енді.

XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 8 қарашаға дейін өтеді. Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Классикалық музыка» және «Халық музыкасы» номинацияларында тыңдаулар өтеді, «Эстрадалық вокал» номинациясындағы конкурсанттар Конгресс-холлда өнер көрсетеді, «Хореография» номинациясы бойынша би ұжымдары «Жастар» театрында (бұрынғы К. Бәйсейітова атындағы опера және балет театры) өнер көрсетеді, ал «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша жұмыстар көрмесі «Жастар» сарайында өтеді, «Үздік әдеби шығарма» номинациясында жас ақындардың шығармашылығын қазылар алқасы Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасында (Бөгенбай батыр даңғ., 52) бағалайтын болады. Барлық шараларға кіру – тегін.

maxioma