XIX Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Наз» мемлекеттік би театры мерекелік концерт берді. Ағымдағы жылдың 7 қарашасы күні, сағат 19:00-де «Жастар» театрының сахнасында өткен концертке Астана тұрғындары мен қала қонақтары, сондай-ақ, фестиваль қатысушылары келіп, би майталмандарының өнерін тамашалады.
Осы уақыт аралығында өнерлі шаңырақтың жеткен жетістігі, бағындырған белесі аз емес. Халықтық би дәстүрінің үлкен сахналардан, атап айтқанда әлем сахналарынан көрінуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өнерлі ұжымның еңбегі өлшеусіз.
Театр Республика бойынша өтетін барлық мәдени-бұқаралық, мерекелік концерттердің және шет елдерде өтетін ауқымды шаралар мен сайыстардың, байқаулар мен фестивальдардың белсенді қатысушысы.
«Шежіре – би тілімен өрнектелген» деген атаумен өткен концертте «Наз» мемлекеттік би театрының репертуарындағы алуан түрлі би қойылымдары көрерменіне жол тартты. Кеш барысында қазақтың ұлттық би дәстүрін нақышына келтіріп насихаттап жүрген өнерлі шаңырақтың 15 жылдан астам уақыт ішінде жеткен толайым жетістіктері айтылып, би өнерінің табиғаты ашыла түсті.