Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының ұйымдастыруымен Елордамыздың 20 жылдығына орай Қостанай облысындағы Астана күндері өтті.
Театр артистерінің толассыз еңбегінің нәтижесінде «Елімнің жүрегі– Астана!» атты жаңа концерттік бағдарлама дайын болды. Бағдарламада ең таңдаулы хореографиялық композициялар мен билер және Астана, Отан жайлы поэтикалық қойылымдар көрсетілді.
«Елімнің жүрегі – Астана!» бағдарламасында дәстүрлі хореография мен көркем декорациялар арқылы көрермендерге мәдени өмірдің сұлулығын паш етті. Осы концертті дайындау барысында бірнеше жаңа хореографиялық композициялар және жаңа әндер дүниеге келді.
«Елімнің жүрегі – Астана!» концерттік бағдарламасы шығармашылық кезеңінде қазақтың дәстүрі мен халықтық хореграфиясын, дәстүрін насихаттайды.
«Елімнің жүрегі – Астана!» бағдарламасының мақсаты, «рухани жаңғыру» бағдарламасына толықтай сәйкес келеді және қоғамның рухани дамуына, зиялы қауымның дамуына бағыт береді.
Тынымсыз ізденістің арқасында көрерменге осындай ғажайып концерттік бағдарлама ұсынған театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ағымбаева Қадиша Ермекбайқызына үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Концерт залы көрерменге лық толды. Ерекше ықыласпен тамашалаған көрерменнің әсерін сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Кеш соңында Қостанай қаласының әкімі Жакупов Базыл Шамұқанұлының атынан ықылас гүлі тарту етілді. Театр артистерінің де Қостанай халқына алғысы шексіз.
Астанамыздың айбынын асқақтатын мазмұнды концерт өз міндетін толықтай атқарды деп нық сеніммен айтуға болады.