«Наз» мемлекеттік би театры қатаң режимдегі түзету
мекемесінде өнер көрсетті
2018 жылдың 14 ақпанында «Наз» мемлекеттік би театры «ЕЦ-166/10» түзету мекемесіне өнер көрсетуге келді. Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Театр ұжымының бұл мекемеге келген алғашқы концерті емес. Бұған дейін әртүрлі бағдарламалармен үш жыл бойы өнер көрсетіп жүр. Соңғы рет ҚР тәуелсіздік мерекесіне арнап тамаша өнер көрсеткен болатын.
«Наз» мемлекеттік би театры құрылғанына аз уақыт бола тұрса да 2001 жылы Ш.Жиенқұлова атындағы Республикалық қазақ билері байқауының және дәл осы жылы IV Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің гран-при иегері атанды. 2002 жылы Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, 2004 жылы Қытайда театр «Алтын мүсін» иегері атанғанын мақтанышпен айтуға болады.
Аз уақыт ішінде «Наз» би театры ғажайып репертуар жасап, кәсіби шеберлікпен және талғамы биік көркем туындылар жасады. «Балбырауын», «Шернияз», «Махамбет», «Серпін», «Көш керуен», «Желдірме», «Сарбаздар», «Жайлауда», «Шығыс биі», «Гопак», «Шашу», «Жаппас», «Көңілашар» сынды билер көрерменнің көңілінен шығып, зор табысқа жеткен айтулы би қойылымдары.
Бұл жолы өнер ұжымы жаңа репертуар дайындап көрерменді тағы да таңқалдырды. Эстрадалық әндерден бөлек ұлттық аспаптарда бірнеше әндер орындалды, сонымен қатар орыс биі «Богатая невеста», «Хорезм», «Молдован биі» концерттің ажарын аша түсті.
Мұндай іс-шараларды өткізу жазасын өтеушілердің жан дүниесін рухани-моральдық тұрғыдан тәрбиелейді. Мұндай кештердің жиі өтуі жаныңды тыныштандырып сабырға шақырады.
100-ге тарта жазасын өтеушілер осы кештен ләззат алып, көңіл көтеріп қайтты.
Іс-шараның соңында ВР бастығының орынбасары, әділет майоры Е.Т.Ұзақбаев өнер ұжымына алғыс айтып, шығармашылық табыс, өмір және кәсіби өнер жолына сәттілік тіледі.