• +7 (7172)-30-02-87
  • naz-halik@mail.ru

Танымал хореографтардың отбасылық архив қоры ашылды

Танымал хореографтардың отбасылық архив қоры ашылды

Бүгін 2023 жылдың 10 шілде  күні Астана қаласының мемлекеттік архивінің ұйымдастырумен Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының іргетасын қалаушылар ҚР Мәдениет қайраткері Еркебұлан Ағымбаев пен театрдың көркемдік жетекшісі, Бас балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Қадиша Ағымбаеваның отбасылық архив қорын тапсыру іс-шарасы өтті.

Айтулы шараға «Астана қаласының Мемлекеттік архиві» ММ директоры Берік Төребеков, педагогика ғылымдарының профессоры, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Тілеуғали Қышқашбай, Астана қалалық­мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза Исахан, Архив саласының үздігі «Наз» мемелкеттік би театрының архивисі Зайра Хабдуллина, «Наз» мемлекеттік би театрының негізін қалаушылар Айнагүл Тұрсынова, Аяжан, Умашева, театр артисі Ақон Рысқалиев, «Мәдениет саласының үздігі», театрдың БАҚ менеджері Толқын Сұлтан және басқа да мәдениет саласының өкілдері, Астана қаласының мемлекеттік архив қызметкерлері қатысты.

Берік Төребеков
«Астана қаласының Мемлекеттік архиві» ММ директоры:

«Елорда архиві үшін сіздердің елімізге сіңірген еңбектеріңізді бағалап, бұл істің келешек ұрпаққа мәні зор екенін ескере отырып  және құжаттарыңыздың  Астана қаласының Мемлекеттік архивіне сақтау, архив қорлары үшін аса құнды дерек көзі болып есептелетінін атап өткім келеді. Осындай тарихи маңызы бар шешім қабылдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін».

Тілеуғали Қышқашбай
педогогика ғылымдарының профессоры, ҚР еңбегі сіңген қайраткері:

«Сарыарқа төсіне елордасының көшуіне барлық саланың мамандары атсалысты. Өнер адамдары да сырт қалған жоқ. Еркебұлан, Қадиша Ағымбаевтар да Астананың мәдениетін көтеруге, оның ішінде хореография саласын дамытуға білек сыбана кіріскен азаматтар. Тыңнан түрен салып, жаңа бағыт, үлкен ізденістерге барды. «Наз» би театры тек ел ішінде ғана емес дүниежүзін аралап, бірнеше мемлекетке гастрольдік сапармен барып, қазақтық ұлттық би өнерін паш еткен кәсіби ұжым. 1998 жылы іргетасын қалаған театрда бүгінде театрмен құрдас өнерлі жастар еңбек етуде. Яғни ширек ғасыр бойы бұл ұжым тек биік белестерді бағындырып келеді. Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың бүгінгі тапсырып отырған құжаттары Астана қаласының тарихында алтын әріптермен жазылатын болады. Келешекте қаншама ғалымдар би өнерін зерттегенде, «Наз» театры туралы ғылыми жұмыстар жазғанда мұрағаттан тауып алары сөзсіз».

Еркебұлан Ағымбаев
ҚР Мәдениет қайраткері, «Наз» би театрының директоры:

Алдымен Астана қаласының мемлекеттік архиві қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Біздің еңбегімізді бағалап, қор ашып, маңызды құжаттар мен видеоларды сақтауды қолға алғандарыңызға өте қуаныштымыз. Біз үшін үлкен мәртебе. 1998 жылы әуежайда кездейсоқ кездесіп қалған Тілеуғали Әшірбекұлының мені Астанаға шақырып, «жаңадан би ұжымын аш» деп бағыт-бағдар бергеніне ширек ғасыр болып қалды. Сол сенімді ақтадық деп ойлаймыз. Ал енді мемлекеттік архивтің біздің құжаттарымызды қабылдау үшін хабарласып, қор ашамыз дегені күтпеген жағдай еді. Иә, қарап тұрсаңыз бұл өте маңызды шара екен. Себебі, біздің құжаттарымызды кейінгі өнертанушылар, мәдениеттанушылар, бишілер іздегенде қиналмай табыла кетері сөзсіз.Бұл тек Қадиша Ермекбайқызы екеуміздің ғана емес барша ұжымның, театрдың тарихы дегеніміз дұрыс болар.

Қадиша Ағымбаева
«Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері:

Театрымыздың құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. Біз енді ғана кемелденген шағымызға жеттік деп ойлаймыз. Би қойылымдарынан бөлек театр репертуарында бірнеше хореографиялық спектакльдер бар. Республикамыздағы қаншама би ұжымдары болса да «Наздың» өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.   Осы күнге дейін бізде билеген бишілері саны 200-ден асқан екен. Бізде қаншама жыл еңбек етіп, кейін өз отауларын құрып, мектептерін ашып кеткен артистеріміз де бар. Олар үшін біз әрқашанда қуанып, шүкіршілік айтып отырамыз. Міне бүгін «Наз» мемелкеттік би театрының архивисі Зайра Қалымбекқызының арқасында қаншама дүниелеріміз жинақталып, мемлекеттік қорға өтіп отыр.

Зайра Хабдуллина
Архив саласының үздігі «Наз» мемелкеттік би театрының архивисі:

«Наз» мемлекеттік би театрына келген мақсатым құжаттарды өңдеп, архивке өткізу болатын. Құжаттармен таныса келе, театрдың құжаттарын қалай сақтап қаламыз деген ой келді. Нәтижесін бүгін көріп отырсыздар. «Ағымбаевтардың отбасылық қоры» деп атағанмен бұл қорды «Наз» мемелекетік би театрының қоры деп санауға болады. Өйткені, бұл кісілердің бар өмірі театр өнерімен тығыз байланысты. Архивке тапсырылатын құжаттармен таныстырып өтейін. Олар: қор иесінің өмірбаяндары, марапаттары, Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары, төсбелгілері, мәдениет саласындағы еңбектері үшін алған мемлекеттік наградалар, БАҚ-та жарияланған сұхбаттар. Жалпы бүгін тапсырылатын құжаттар саны 156 мүлік болып саналады.  Сонымен қатар, видео материалдарды да өткізіп отырмыз.

Ғазиза Исахан
Астана қалалық­мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық жұмысы қызметінің басшысы:

«Архив деген жылнама іспеттес. Құжаттар жиналып отырады. Мысалы, театрда өткен әрбір концерттің, спектакльдің материалдары, фото-видео, афишалары тап-тұйнақтай етіп арихивке тапсырылып отырса, ол мәңгілік. XXI ғасырда Астана қаласы қалай құрылды, өнер ұжымдары қашан пайда болды дегенде Еркебұлан, Қадиша Ағымбаевтардың құжаттары арқылы «Наз» мемлекеттік театрының  тарихын біле аламыз».

Иә. Бүгінгі іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры үшін тарихи күн. Еңселі елордамыздың руханиятын дамытуға қосқан үлестері, мәдениетке деген мемлекеттің көзқарасын баяндайтын құжаттары тарих жылнамасына жазылды. Қазақ халқының ұлттық би өнерін насихаттаушылар осы жылдар ішінде тек биді ғана емес, ұлттық киімдерімізді, салт-дәстүрлер мен фольклорымызды, ұлттық музыкамызды қайта жандандырды. Қазақ руханиятындағы аңыз адам Өзбекәлі Жәнібековтің мектебінен тәлім алған Ағымбаевтар отбасы, бойындағы барлық өнерлерін шәкірттеріне үйретіп, қазақ ұлттық хореографиясына жаңа леп әкелді.

Толқын Сұлтан
Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы

maxioma