• +7 (7172)-30-02-87
  • naz-halik@mail.ru

«Тәуелсіздік-тірегім» атты мерекелік іс-шара өтті

«Тәуелсіздік-тірегім» атты мерекелік іс-шара өтті

Төрткүл дүниеге әйгілі ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев: «Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік.

Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді.

Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді.

Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды.

Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды!

Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміз атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік» деген еді.

Иә. Бұл қастерлі күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Осынау ұлан-ғайыр жеріміз білектің күші, найзаның ұшы, бабаларымыздың парасаттылығымен бізге аманат етілді. Біз – қазақ елінің ұландары осы асыл мұратты, азаттықты аялап, рухы биік келер ұрпаққа аманат етуіміз керек.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Наз» мемлекеттік би театры өз ғимаратында «Тұйғындар» хореографиялық спектаклін және «Тәуелсіздік-тірегім» атты концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Сақтық шаралары сақталып, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада жыл бойы театр қойылымдарын, театр шығармашылығын эфир арқылы, баспасөз арқылы насихаттап жүрген БАҚ өкілдері алғыс хатпен марапатталды. Кеш қонағы елімізге танымал телерадио журналист Қымбат Досжан театр ұжымын мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, концерт соңында шығармашылық ұжым Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасы басшысының м.а.  Азамат Ахмеджановтың алғыс хатымен марапатталды.

«Мәдениет  ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген еді Елбасы Н.Назарбаев.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры бар болмысымен ұлттық құндылықтарымыздың бірі, қазақ биін насихаттауда аянбай еңбек етіп келеді. Осы орайда төл өнерімізді төрге шығаруға маңдай терін төгіп жүрген театры директоры ҚР Мәдениет қайраткері Е. Ағымбаев, театрдың орынбасары «Мәдениет саласының үздігі», «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері Д.Серікбаева, көркемдік жетекші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Ағымбаева, педагог-репетитор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Атымтаева, Бас әкімгер А.Басықараның еңбектерін атап өту керек.

Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын!

Баршаңызды ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!

admin2